Қарағанды облысындағы су тасқынынан құтқаруға және зардап шеккен тұрғындарға көмектесуге бір миллиард теңге бөлінді деп хабарлады бүгін Астанада өткен брифингте ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Алексей Советов.
Оның сөзінше, Нұра өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Бұқар Жырау және Нұра аудандарының 20 елді мекенінен 7300-ден аса адам эвакуацияланған.
Төтенше жағдайлар комитеті ақпараты бойынша, Соқыр өзені арнасынан асып, Восьмидомики ауылында 83 үйді су алған, 135 тұрғын көшірілген. Ғабиден Мұстафин ауылында 706 үй, Қызылжар ауылында - 139 үй су астында қалып, тұрғындар толық көшірілген.
Қазақстанда өткен аптаның соңынан бері Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынынан ондаған елді мекен зардап шекті. Олардың көпшілігі Қарағанды облысында. Тасқыннан зардап шеккендерге қазір көмек қоры жиналып жатыр.