Accessibility links

Нидерланд: MH17 рейсі құрбандары анықталды


Malaysia Airlines компаниясы ұшағы апатқа ұшыраған орынды тексеріп жүрген нидерландтық және малайзиялық мамандар. Донецк облысы, Украина, 16 сәуір 2015 жыл.
Malaysia Airlines компаниясы ұшағы апатқа ұшыраған орынды тексеріп жүрген нидерландтық және малайзиялық мамандар. Донецк облысы, Украина, 16 сәуір 2015 жыл.

Нидерланд билігі Украинаның шығысында былтыр жазда Malaysia Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы құлағанда қаза тапқандардың барлығының дерлік кім екендігі анықталғанын, енді ұшақ апатына кім кінәлі екенін анықтауға күш жұмсалып жатқанын хабарлады.

Нидерланд ішкі істер министрі Берт Кунберс бүгін қазіргі басты міндет -ұшақ апаты себептерін анықтап, кінәлілерді сотқа тарту екенін мәлімдеген.

Нидерланд сарапшылары да бүгін ұшақ құлаған орыннан тағы да адам сүйектері мен құрбан болғандардың заттары табылғанын хабарлады. Соңғы іздеу жұмыстары бұған дейін украин әскерилері мен ресейшіл сепаратистер арасында ұрыс жүргендіктен қауіпті саналған аймақта жүргізілген.

Наурыз айында Нидерланд ақпарат құралдары апат орнындағы металл сынықтарының химиялық құрамына жасалған сараптама металдың Ресейде жасалған "Бук" зымыранының сынықтарыныкі деп тұжырым жасауға болатынын айтқан.

Malaysia Airlines әуе компаниясының Амстердамнан Куала-Лумпурға ұшып бара жатқан Boeing 777 жолаушылар ұшағы 2014 жылы шілденің 17-сі күні Донецк маңында жерге құлаған. Киев ұшақты ресейшіл сепаратистер атып түсірді деп санайды. Бірақ, сепаратистер ұшақ апатына өздерінің қатысы жоғын айтып, апатқа украин әскерилерін кінәлайды.

Ұшақта болған 298 адамның барлығы қаза тапқан. Құрбандардың көпшілігі - Нидерланд азаматтары.

XS
SM
MD
LG