Мәскеудің Басман соты украиналық әскери, Жоғарғы Рада депутаты Надежда Савченконың үстінен қозғалған қылмыстық істі доғарудан бас тарту туралы тергеу шешімін заңды деп таныды. Украинаның Луганск облысында мерт болған ресейлік екі журналистің қазасына қатысы бар деген айыппен Ресей билігі Савченконы былтырдан бері қамауда ұстап отыр.
Басман сотының судьясы жұма күні Савченконың Еуропа кеңесі парламенттік ассамблея (ЕКПА) делегаты ретіндегі дипломатиялық иммунитетін және оның айыбы жоғын дәлелдейтін айғақтарды алға тартқан адвокаттардың шағымын қанағаттандырмай тастаған.
Дипломатиялық иммунитетке қол сұғылмауы керектігін айтқан адвокаттар тергеу Савченконы босатуы керек немесе оны иммунитеттен айыруды сұрап ЕКПА-ға сұрау салуы тиіс деп санайды. Тергеуші болса Савченко айыпталып отырған қылмыс оған тиісті мәртебе берілгенге шейін жасалғанын айтып, иммунитет туралы бап Савченкоға жүрмейді деп жауап берген.
Савченко сот отырысында ресейлік журналистер өліміне өзінің қатысы барын дәлелдейтін бір де бір айғақ жоғын айтып, өзін тоғыз ай бойы «еш негізсіз қамауда ұстап отырғанын» мәлімдеген.
Ақпан айында Басман соты Надежда Савченконы қамауды ұстау мерзімін мамырдың 13-іне дейін ұзартуға шешім шығарған. Оның ісі бойынша тергеу де мамырдың 13-іне дейін ұзартылған.