Ақмола облысының Целиноград және Қорғалжын аудандарында Нұра өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты мыңнан астам адам көшірілді деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасаған "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі.
"Екі ауданда су тасқынына қатысты ахуал күрделі күйінде қалып отыр. 12 елді мекеннен 1143 адам алдын-ала көшіріліп, туған-туыстары мен қабылдау бөлімдеріне орналастырылды. Малды айдап әкетуге су баспайтын қауіпсіз жерден орын дайындалды" деп хабарлаған төтенше жағдайлар департаменті.
Төтенше жағдайлар қызметі Нұра өзені жағасында орналасқан елді мекендерде бөгеттер нығайтылып, уақытша бөгеттер тұрғызылғанын және суды тоқтату үшін құм толтырылған қаптар қойылып, өзенде мұздарды жару жұмыстары жүріп жатқанын айтады.
Бұған дейін Қорғалжын ауданында су тасқыны қаупінен 500-ге тарта адам көшірілгені хабарланған.
Қазақстанда соңғы үш аптада су тасқынынан 15 мыңнан астам адам көшірілген. Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында ондаған елді мекенді су басты. Су тасудан келген шығын әлі есептелген жоқ.