Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауының үгіт-насихаты кезінде аздаған заң бұзушылықтар болып, ескертулер жасалды деп хабарлады бүгін бас прокуратура. Прокуратура дерегінше, ескерту қоғамдық пікірді анықтауға арналған сауалнама нәтижелерін жариялағаны үшін жасалған. Прокуратура дауыс беруге бес күн қалғанда және дауыс беру күні ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге жасалған сауалнама нәтижесін, сайлау нәтижесіне қатысты болжамдарды және сайлауға қатысты басқа да зерттеулерді жариялауға тыйым салынатынын айтады.
Бүгінге дейін сайлау комиссиялары немесе мемлекеттік органдар тарапынан заң бұзу оқиғалары тіркелмеген.
Прокуратура бұған қоса сайлау туралы заң бойынша сайлау күні дауыс беретін орында қоғамдық пікірді сұрауға, дауыс беру орнына сайлау процесіне қатысы жоқ бөтен адамның кіруіне тыйым салынатынын ескертеді.
Сайлау туралы заң бойынша, бүгін президенттікке кандидаттар сайлауалды үгіт-насихатын аяқтайды.
Қазақстанда президент сайлауы 26 сәуірде өтеді.