Сәуірдің 25-і Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына қатысатын кандидаттардың үгіт-насихат науқаны аяқталып, дауыс беру күні алдындағы тыныштық жарияланды.
Бүгіннен бастап сайлау аяқталғанға дейін кандидаттар мен оларды қолдаушыларға кез келген үгіт-насихат шараларын жүргізуге тыйым салынады.
Қазақстанда 26 сәуір күні жергілікті уақытпен таңертең сағат 7.00-ден бастап сағат 20.00-ге дейін 9741 сайлау учаскесінде Қазақстан азаматтары кезектен тыс президент сайлауына дауыс береді.
Президенттікке биліктегі «Нұр Отан» партиясы атынан қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы атынан Тұрғын Сыздықов пен өзін-өзі ұсынған Қазақстан кәсіподақтары федерациясының жетекшісі Әбілғазы Құсайынов кандидат ретінде тіркелген.
Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлау қорытындылары туралы ресми хабарын сайлау өткізілген күннен бастап жеті күннен, яғни 2015 жылғы мамырдың 3-інен кешіктірмей жариялауы тиіс.