Accessibility links

Дауыс беру 9741 сайлау бөлімшесінде өтеді


Ардагерлер үйіндедауыс беріп тұрған ер адам. Алматы, 26 сәуір 2015 жыл.
Ардагерлер үйіндедауыс беріп тұрған ер адам. Алматы, 26 сәуір 2015 жыл.

Қазақстанда Астана уақытымен сағат 7:00-де кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру бөлімшелері ашылды. Сайлаушылар сайлау бөлімшелерінде сағат 20:00-ге дейін дауыс бере алады. Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хабарлауынша, Қазақстанның батыс өңірлері - Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында бір сағат айырмасына байланысты дауыс беру сағат 21:00-ге дейін созылады.

ОСК ақпараты бойынша, дауыс беру күні Қазақстанда 9 мың 741 сайлау бөлімшесі жұмыс істейді. Астанада бүгін ОСК төрағасы Бақыт Мелдешовтің хабарлауынша, бұл санға Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерінде ашылған 65 сайлау бөлімшесі де кіреді. ОСК хабарлауынша, Вашингтон, Нью-Йорк пен Оттавада сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша 27 сәуір күнгі сағат 6:00-де жабылады.

Кезектен тыс президенті сайлауын өткізу бастамасын президент жанындағы кеңесші орган - Қазақстан халқы ассамблеясы көтерген. Ассамблея ұсынысын парламент, саяси партиялар мен президенттің өзі де қолдады. Ассамблея президент сайлауын кезектен тыс өткізуді "президентке әлемдік сынақтан елді аман алып шығу үшін жалпыхалық болып сенім білдіру қажеттігімен" түсіндірген.

Қазақстан тәуелсіздік жариялаған 1991 жылдан бері президент сайлауы осымен төртінші рет өтіп отыр. Оның ішінде президент сайлауы үшінші рет кезектен тыс түрде өтпек.

Қазақстанда мерзімді президент сайлауы 2016 жылы өтуі тиіс болатын.

XS
SM
MD
LG