Астанада бүгін ТМД бақылаушылар миссиясы Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауында "жекелеген техникалық кемшіліктер байқалғанын", бірақ олардың сайлау нәтижесіне ықпал етет алмайтынын мәлімдеді.
- Бір сайлау бөлімшесінде бюллетень жәшігі бақылаушыларға көрініп тұруы тиіс орнында тұрмады. Оны жылжытып қойған, - деді ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы Сергей Лебедев.
Ол бұған қоса Қазақстан билігіне учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің санын арттыру туралы ұсыныс айтты. Лебедевтің сөзінше, "сайлаушылар белсенділігінің жоғары болуынан" көп адам кезекте тұрған.
- Егер үстелде бес адам емес, сегіз адам отырғанда, онда дауыс беру процесі жылдам жүрген болар еді, - деді Лебедев.
Сергей Лебедев Қазақстандағы сайлауда кейбір халықаралық сайлаушылар айтқандай емес, "бәсеке болғанын", бірақ кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі "өзге екі кандидаттардан басым түскенін" айтты.
ТМД бақылаушыларының бірі Леонид Слуцкий Қазақстанда азаматтар сайлауға "мерекеге барғандай" қатысқанын айтты.
ТМД бақылаушылар миссиясы қорытындысында "сайлау еркін, жария, ашық болып, демократиялық сайлау талаптарына сай келгені" және Қазақстан билігі мен сайлау комиссиялары азаматтардың өз еркін білдіруіне жағдай жасағаны" айтылады.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірде өткен. Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметі бойынша,сайлауда қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев дауыс берушілердің 97,7 пайыз даусын жинап, жеңіске жеткен.