Accessibility links

Астанада "Махаббат" тұрғындары флешмоб өткізді


"Махаббат" кешені тұрғындары "соғыс балтасын" үй ауласына көміп жатыр. Астана, 28 сәуір 2015 жыл.
"Махаббат" кешені тұрғындары "соғыс балтасын" үй ауласына көміп жатыр. Астана, 28 сәуір 2015 жыл.

Астанада бүгін "Махаббат" және "Махаббат-2" тұрғын үй кешендерінің тұрғындары флешмоб өткізді. Акцияда тұрғындар үйлердің бірінің ауласына өзері "соғыс балтасы" деп атаған балтаны көміп, үйлердің иелері "ҚазАгроХолдинг", "Агрофирма Қазэкспортастық" компаниялары және қала әкімдігімен келіссөз жүргізгісі келетіндерін айтты.

Акция басталар алдында тұрғындар баспасөз жиынын өткізіп, 33 пәтер тұрғындарының мүддесін қорғайтын "Махаббаттықтар" тобын құрғанын мәлімдеген. Айтуларынша, олар "Махаббат" және "Махаббат-2" тұрғын үй кешендеріндегі дау болған пәтерлерді шаршы метрі үшін 900 АҚШ долларынан "әділ бағасына сатып алуға" қол жеткізуді жоспарлап отыр.

"Бұған қоса пәтер құнынан махаббаттықтардың үйге кірген 2010 жылға дейінгі төлеген қаржысы, жөндеуге берген қаржысы, екі жарым жыл бойғы сот шығындары, балаларға келтірілген, махаббаттықтар денсаулығына келтірілген зардап көлемі шегеріліп тастауы тиіс" делінген мәлімдемеде.

Өткен жылы Астанада бұл кешендердің тұрғындары бірнеше рет қарсылық акциясына шыққан. Соңғы акция кезін тұрғындар балаларымен бірге "Қазмедиа Орталығы" медиа орталығында өткізбек болған. Бірақ тұрғындарды балалармен қоса полиция бірнеше сағатқа ұстап әкеткен.

«Махаббат 1» және «Махаббат 2» кешені тұрғындарының баспана дауы басталғалы көп болды. Олардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын пәтерлердің бұрынғы қожайыны - «Агрофирма Қазэкспортастық» компаниясы тұрғындармен пәтерлерді «әуелі жалға береміз, кейін сатып аласыңдар» деп келісім-шартқа отырған. Кейіннен «тіркейміз» деген желеумен келісім-шарттарды жинап алған компания оларды тұрғындарға қайтарып бермеген.

«ҚазАгроХолдинг» компаниясы өкілі Перизат Құсайынованың айтуынша, компания пәтерлерді жалға бермейді, бір шаршы метрін 1 мың 300 доллардан сатуға ғана келіседі. Компания өкілінің айтуынша, бұл пәтерлерді сатып алатындар баяғыда табылған. Қазір даулы 33 пәтерге қатысты тұрғындарды күшпен шығару туралы сот қаулысы бар.

XS
SM
MD
LG