АҚШ Ираннан Йемендегі қақтығысушы тараптарды саяси келіссөзге иліктіруге ықпал етуін сұрады. Бұл жайында хабарлаған аты-жөнін атамаған америкалық шенеуніктің сөзінше, Вашингтон Тегераннан шииттік хусит көтерілісшілерін келіссөз үстеліне отыруға көндіруді сұраған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі мемлекеттік хатшы Джон Керридің 27 сәуірде Вашингтонде өткен кездесуде Иран сыртқы істер министрі Джавад Зарифтен қақтығысушы тараптардың келіссөз жүргізуіне ықпал етуін сұрағанын растады.
Йеменде шииттік хусит көтерілісшілері өткен жылдың күзінде ел астанасы Сананы басып алып, сүнниттер үстемдікке ие үкімет құрамына өздерін де қосуды талап еткен. Хуситтер бұдан соң елдің біраз бөлігін бақылауға алып, президент Абд-Раббу Мансур Хадиді шетелге қашуға мәжбүр еткен.
Наурыздың соңында Сауд Арабиясы бастаған араб елдері коалициясы Йемендегі хуситтердің позицияларына әуе шабуылдарын бастаған. Мансур Хади мен араб елдері Иранды хуситтерге дем беріп, әскери қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды.