Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұражайда бүгін дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күніне арналған "Сөзі жоқ сөз бостандығы" деген тақырыппен карикатура көрмесі ашылды. Көрмені қазақстандық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы бюросы, БҰҰ-ның Қазақстандағы қоғамдық ақпарат департаменті және Қазақстан журналистер одағы бірлесе отырып Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының қолдауымен ұйымдастырған.
Көрмеге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан суретшілерінің жұмыстары қойылған. Конкурсқа 96 карикатура түсті. Конкурс қорытындысында бірінші орын алматылық суретші Николай Веревочкинге, екі екінші орын алматылық Игорь Кейко мен Мәскеуден келген суретші Олег Локтевке берілді. Үшінші орынды ташкенттік суретші Николай Свериденко мен алматылық суретші Ибрагим Көбеков алды.
Көрменің ашылуында сөйлеген "Әділ сөз" ұйымының жетекшісі Тамара Қалеева, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы бюросы жетекшісі Сергей Карпоа карикатурашылар жұмысының қауіпті екенін айтты.
Биыл қаңтар айының 12-сі күні Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналына жасалған қарулы шабуылдан 12 адам, оның ішінде сегіз журналист қаза тапқан. Радикалды исламшылдар мойнына алған шабуылдан журнал талантты суретші әрі карикатурашыларынан айырылды.
"Сөзі жоқ сөз бостандығы" карикатура көрмесі Алматыда 15 мамырға дейін өтеді.