Қазақстандық танымал музыкант Батырхан Шүкеновтың шығармашылығын қастерлейтіндер Алматының орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің қабырғасын сүйікті әншіге арнады. Марқұмды жерлеген күні жұрт арасында «Алматы Арбаты» аталатын ауданда «Батыр қабырғасы» пайда болды.
Бұрынғы Орталық әмбебап дүкенмен (ЦУМ) жапсарлас орналасқан бұл көпқабатты үйде 1990 жылдары Батырханның досы Байғали Серкебаев тұрған. Осы үйге жиі келетін Батырхан мен әріптестері бірге 1980 жылдардың ішінде «А студио» тобының негізін қалаған.
«Батыр қабырғасын» салуды сәуірдің 30-ы күні кешке бастаған. Бір үйдің қабырғасына графити әдісімен әнші Батырхан Шүкеновтың үлкен суреті салынған. Онымен қатар тұрған екінші үйдің қабырғасына Батырханның репертуарындағы әндердің атаулары жазылған. Тағы бір үйдің қабырғасында оның әндерінен өлең жолдары келтірілген.
«Батыр қабырғасын» салушыларға қолдау білдіруге көптеген азаматтық белсенділер келді. Олар әншіге арналған қабырға пайда болғаны туралы әлеуметтік желілерден естіген. Белсенділер қала билігі бұл бастаманы қолдап, осы жердегі үйлер ауласын жөндеп-жақсартады деп үміттенеді.
Белгілі музыкант Батырхан Шүкенов 53 жасқа қараған шағында сәуірдің 29-ына қараған түні Мәскеуде кенеттен қайтыс болған еді. Ол мамырдың 1-і күні Алматының Кеңсай зиратына жерленді.