Accessibility links

Бақытжан Кетебаевтың отбасы Лондонға оралды


Бақытжан Кетебаевтың әйелі Аниса Абдуллаева (ортада) қызы Найла (солжақта) және ұлы Камалмен. Лондон,1 мамыр 2015 жыл.
Бақытжан Кетебаевтың әйелі Аниса Абдуллаева (ортада) қызы Найла (солжақта) және ұлы Камалмен. Лондон,1 мамыр 2015 жыл.

Қазақстандық саяси эмигрант Бақытжан Кетебаевтың отбасы – әйелі Аниса Абдуллаева мен кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы Қазақстанда тап болған төлқұжатқа қатысты даулы оқиғадан соң жұма күні Алматыдан Лондонға оралды.

Бірнеше жылдан бері Ұлыбритания астанасында тұратын Аниса Абдуллаева 10 жасар қызы Найла және 16 жастағы Камалмен бірге ата-анасын көруге Алматыға сәуірдің 2-і күні келген. Сәуірдің 20-сы күні Лондонға қайтпақ болған Абдуллаеваны балаларымен бірге Алматы әуежайында ұстаған.

Қазақстан полициясы оларды ұстауға Абдуллаева мен балаларында қазақстандық төлқұжатпен бірге британдық паспорт бар болып шыққаны себеп болғанын айтқан. Қазақстан заңы қос азаматтық алуға тыйым салады.

Полиция әкімшілік істен бөлек «Қазақстандық паспорттар жалған болуы мүмкін» деген уәжбен қылмыстық іс қозғаған. Аниса Абдуллаева мен балаларын ұстаған соң олардың қазақстандық төлқұжаттарын тәркілеген полиция кейін үшеуінің британдық паспорттарын да тартып алған.

Аниса Абдуллаева мен оның балаларының қазақстандық төлқұжаттары сараптамаға жіберілген. Бұл жұмыс айға жуық уақытқа созылуы мүмкін. Сәуірдің 24-і күні Бақытжан Кетебаевтың әйелі мен балаларына британдық паспорттары қайтарылған соң Қазақстан билігі олардың елден шығуына рұқсат еткен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG