Непалдағы алапат жер сілкінісінен мерт болғандар саны 6200 адамға жеткен. Бұл туралы елдің ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап Reuters хабарлады.
Бұған дейін Непал премьер-министрі Сушил Коирала табиғи апаттан қаза тапқандар саны 10 мың адамға жетуі мүмкін деп мәлімдеген еді. Непалда 1934 жылғы зілзаладан 8 мың 500 адам опат болған.
Непал қаржы министрі Рам Шаран Махат тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарды қалпына келтіру үшін кемінде 2 миллиард доллар қажет болады деп мәлімдеген. Ол табиғи апат салдарын жоюға халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады. БҰҰ деректері бойынша, сәуірдің 25-і күні болған күшті жер сілкінісінің зардабы 8 миллион адамға тиген. Алдағы үш ай бойы 2 миллионға жуық адамға паналайтын шатыр, су және азық-түлік қажет.
Непалдағы зілзаладан зардап шеккендерге көршілес Қытай мен Үндістан жәрдем беріп жатыр. Қытай Непалға 300 әскери қызметшілерін аттандырып, 10 миллион доллардың гуманитарлық көмегін беретінін мәлімдеген. Үндістан әскери-әуе күштері Непалға көмекке 950 адам жіберіп, 400 тонна жәрдем жүгін жөнелткен.