Ресей президенті Владимир Путин БАҚ арқылы терроризм мен экстремизмге шақыру іс-әрекетіне тағайындалатын жазаны күшейтетін заңға қол қойды.
Сәуір айының соңында Ресей Мемлекеттік думасы қабылдап, Федерация кеңесі мақұлдаған заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарына салынатын айыппұл көлемі бір миллион рубльге дейін ұлғайтылған. Бұған дейін жоғарыда аталған іс-әрекеттер үшін салынатын ең жоғарғы айыппұл мөлшері жүз мың рубль болып келген еді. Сонымен бірге, ең төменгі айыппұл көлемі де 50 мың рубльден 100 мың рубльге дейін ұлғайды.
Бұл жазалау шаралары экстремистік материалдарды тарату, өндіру немесе сақтағаны үшін қолданылады.
Сонымен бірге сенбі күні Ресей президенті елдегі митингтер, шерулер мен демонстрациялар туралы заңға да өзгертулер енгізді. Оған сәйкес, акциялар өткізу туралы ескерту хатты ұзақ демалыс күндері алдындағы соңғы жұмыс күні жіберу мүмкіндігі қарастырылған.