Германияда мамырдың 2-і күні әйгілі балерина Майя Плисецкая 89 жасында жүрек талмасынан қайтыс болғаны туралы ТАСС агенттігіне Мәскеу Үлкен театрының бас директоры Владимир Урин хабарлаған. Ол Плисецкаяның қайтыс болғаны туралы бишінің жұбайы Родион Щедриннен естігенін айтқан.
«Дәрігерлер қанша тырысса да, оның өмірін алып қала алмаған» деген Владимир Урин.
1925 жылы Мәскеуде дүниеге келген Майя Плисецкаяның жасөспірім шағында ата-анасы сталиндік репрессияға ұшыраған: әкесі 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылған, анасы Қазақстандағы атышулы АЛЖИР («Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері») түрмесіне қамаған. Майя Плисекаяның нағашылары – бірнеше балет өнерпазы шыққан Мессерерлер әулеті.
1943 жылы Мәскеу хореографиялық училищесін бітірген 18 жастағы Майя Плисецкая Үлкен театрдың балет труппасына қабылданып, 1988 жылға дейін сол театр сахнасында өнер көрсетті.
Әйгілі бишінің «Аққу көліндегі» Одетта-Одиллия, «Ұйқыдағы арудағы» Аврора, «Раймондадағы» Раймонда және тағы басқа қойылымдардағы жетекші партиялары әлемдік өнер мұрасына енді.
Майя Плисецкая «Аққу көлі» балетінде:
1991 жылдан бастап Майя Плисецкая ері Родион Щедринмен бірге Германияның Мюнхен қаласында тұрды. 1966 жылы Сталинді ақтауға қарсылық білдіріп СССР компартиясы орталық комитетінің бас хатшысы Леонид Брежневке жазылған хатқа қол қойған 25 ғылым және өнер қайраткерінің арасында Майя Плисецкая да болған.
Майя Плисецкая – Париж би академиясының Анна Павлова сыйлығының (1962), СССР Ленин сыйлығының (1964) лауреаты, СССР Еңбек Ері (1985), «Отан алдында сіңірген еңбегі үшін» ордендерінің, сонымен бірге көптеген шетелдік мемлекеттік наградалардың иегері. Сорбоннаның құрметті докторы, Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Испанияның құрметті азаматы атанған.