Литва бас прокуратурасы тыңшылық жасады деген күдікпен Ресей азаматының ұсталғанын хабарлады. Вильнюстің ақпаратына қарағанда, 1977 жылы туған Ресей арнайы қызметінің штаттағы қызметкері "Литва мемлекетінің басқарушы органдарына, құқық қорғау органдарына және барлау қызметіне кіргісі келген". Күдікті өткен аптада ұсталып, сот шешімімен үш айға қамауға алынған. Егер күдікті ресейлікке тағылған айып дәлелденсе онда ол 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Литва мемлекеттік қауіпсіздік департаментінің ұйғарымы бойынша, "тыңшыны" әшкерелеу "мемлекеттік деңгейде шешім қабылдау процесстеріне ықпал ету үшін Литва басшыларына ғана белгілі ақпаратты жымқыру әрекетінің" алдын алуға көмектескен.
Литва ресми орындары соңғы уақыттары осымен төртінші рет Ресей немесе Беларусьтің пайдасына тыңшылық жасау оқиғасы жайлы хабарлап отыр. Литва барлау қызметінің деректері бойынша, өткен жылы дипломатиялық қызметті бүркемеленген бірнеше ресейлік тыңшы елден шығарылған.
Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистердің әрекеті мен Ресей әскерінің бұл аймаққа жақын орналастырылуы Мәскеу Балтық бойы елдеріндегі жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейткен.