Астанадағы «Махаббат» тұрғын үй кешенінің үш тұрғыны бүгін Алматыда «Менің үйім» атты флеш-моб өткізді. "Махаббат" тұрғын үй кешенінде тұратын тұрғындардың балалары салған суреттерді қолдарына ұстап тұрған белсенділер «Осыдан бір апта бұрын хабарласқанымызда "Қазагрохолдинг» компаниясының мекемесі мекен-жайын Марков көшесіндегі отыз екінші үй екенін айтқан болатын. Бірақ бүгін келгенімізде олар бұл жерден көшіп кетіпті» дейді.
Бала-шағамен келуге қаражаттары жоқ екенін айтқан белсенділердің бірі Майқан Жанысбаева «Біз компания өкілдерімен осы жерде бейбіт түрде сөйлесуге келген болатынбыз. Бірақ оларды бұл жерден таппай қалдық» дейді.
«Махаббат 1» және «Махаббат 2» кешені тұрғындарының баспана дауы басталғалы көп болды. Олардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын пәтерлердің бұрынғы қожайыны - «Агрофирма Қазэкспортастық» компаниясы тұрғындармен пәтерлерді «әуелі жалға береміз, кейін сатып аласыңдар» деп келісім-шартқа отырған. Кейіннен «тіркейміз» деген желеумен келісім-шарттарды жинап алған компания оларды тұрғындарға қайтарып бермеген.
Өткен жылы және таяуда Астанада бұл кешендердің тұрғындары бірнеше рет қарсылық акциясына шыққан. Соңғы акцияларының бірінде тұрғындар үйлердің бірінің ауласына өзері "соғыс балтасы" деп атаған балтаны көміп, "ҚазАгроХолдинг", "Агрофирма Қазэкспортастық" компаниялары және қала әкімдігімен келіссөз жүргізгісі келетіндерін мәлімдеген.
«ҚазАгроХолдинг» компаниясы өкілі Перизат Құсайынованың айтуынша, компания пәтерлерді жалға бермейді, бір шаршы метрін 1 мың 300 доллардан сатуға ғана келіседі. Компания өкілінің айтуынша, бұл пәтерлерді сатып алатындар баяғыда табылған. Қазір даулы 33 пәтерге қатысты тұрғындарды күшпен шығару туралы сот қаулысы бар.