Accessibility links

Путиндік Ресейдің жеңіс парады


Мәскеудегі әскери парад
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

ВИДЕО: Мәскеудегі әскери парад. 9 мамыр 2015 жыл.

Ресейді билеп отырған Владимир Путин жеңіс күні мерекесін «америкалық қатерге қарсы тұру» белгісі ретінде қолдануды әдетке айналдырды.

Ресейді басқарып отырған 15 жыл көлемінде Владимир Путин жыл сайын Екінші дүниежүзілік соғыстағы нацистік Германияны күйреткен жеңіс күні өз елін әлемді фашистік апаттан алып қалған мемлекет ретінде сипаттап, ал қазіргі күні Ресей «дүние жүзіне ықпал еткісі келетін АҚШ тарапынан төніп отырған ғаламдық қауіп-қатерге төтеп беріп отыр» дегенді тұспалдайды.

Көшедегі танкілер мен әуе ұшақтарын көргенде, 9-мамыр парадында әскери техника әркез көп болмаған деген ой тез ұмыт болады. Қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегідей қару-жарақты әлемге әйгілеу дәстүрі 2008 жылы, Ресей Грузияға соғыс ашардан екі ай бұрын ғана қайтадан қолданысқа енген.

Сол сияқты, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде СССР мен АҚШ-тың одақтас болғанын естен шығару да қиындық туғызбайды. Былтыр Ленин мавзолейі жанында тұрып жеңіс туралы сөйлеген сөзінде Путин өздері «Ұлы Отан соғысы» деп атайтын соғысты «ұлттың зор жеңісі» деп атап, Совет одағының батыстағы одақтастарын ләм-мим деп аузына алмады.

«Нацистердің көзін құрту, оларды індеріне қуып тығып, түбегейлі жою біздің халықтың ғана қолынан келді» деген сонда Путин.

РЕСЕЙДІҢ ҚОРҒАНЫС ҰСТАНЫМЫ

Биылғы парад бұрын-соңды болмаған ауқымды деңгейде өтеді деп хабарланған. Ресей бұл парадта жоғары технологиялық танкілері мен басқа да қару-жарақ түрлерін әлемге көрсетті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (солдан оңға), Ресей президенті Владимир Путин, Қытай президенті Си Цзиньпин мен оның әйелі Пенг Люян Белгісіз солдат ескерткішіне гүл қою рәсімі кезінде. Мәскеу, 9 мамыр 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (солдан оңға), Ресей президенті Владимир Путин, Қытай президенті Си Цзиньпин мен оның әйелі Пенг Люян Белгісіз солдат ескерткішіне гүл қою рәсімі кезінде. Мәскеу, 9 мамыр 2015 жыл.

Биылғы парадқа бірқатар шетелдік қонақтар келді, олардың ішінде Қытай басшысы Си Цзиньпин де бар. Бірақ, АҚШ президенті Барак Обама мен басқа да батыс жетекшілері одан қалыс қалды – олар Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысында соғысқа дем берген Путинмен бір алаңда тұрып, әскери парадты тамашалаудан бас тартты. Путин Ресейдің бұл соғысқа қатысы бар екенін мойындамайды, Ресейдің әскери қуатын «тек қорғаныс мақсатында күшейтіп жатырмыз» дейді.

2014 жылдың наурызында Қырымды аннексия жасау әрекетін Путин әртүрлі түсіндіреді. Ол «Украинадан жапа шеккен тұрғындарды құтқардық» десе, сыншылар ешкімнің оларға зәбір көрсетпегенін айтып, Кремль НАТО Қара теңіз түбегіне орнығуы мүмкін деп қауіптенді дейді. Путиннің сөзі бойынша, «қауіп-қатер тек Америкадан келуі мүмкін».

АРДАГЕРДІҢ КӨЗ ЖАСЫ

27 миллион совет азаматы опат болған соғыстан жеңіспен шыққанын ресейліктердің мақтан тұтатыны түсінікті. Путин 1952 жылы бұрынғы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербургте өмірге келді. Соғыс уақытында бұл қала екі жылдан астам уақыт фашистердің қоршауында қалғаны белгілі.

Өткен айда жарияланған мақаласында Путин аштықтан қатты әлсіреп, есінен танған анасын әкесі құтқарып қалғанын жазған еді. Әкесі соғыс кезінде неміс солдаттарынан құтылу үшін батпаққа тығылып, қамыспен тыныстап жатқан екен.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу (солдан оңға), Ресей президенті Владимир Путин және парадты басқарған генерал-полковник Олег Салюков парад аяқталған соң Қызыл алаңда келе жатыр. Мәскеу, 9 мамыр 2015 жыл.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу (солдан оңға), Ресей президенті Владимир Путин және парадты басқарған генерал-полковник Олег Салюков парад аяқталған соң Қызыл алаңда келе жатыр. Мәскеу, 9 мамыр 2015 жыл.

Бұның бәрі киноның оқиғасы тәрізді естілуі мүмкін. Бірақ, Путиннің буыны зардап шеккен және аман қалған соғыс кезінің оқиғалары шындық, ресейліктер бұл жеңісті сұрапыл заманның ең жарқын оқиғасы санайды. Ал соғыстан соң талай жыл Мәскеуге бағынышты болған еуропалық елдердің Украина оқиғасынан кейін мазасы кете бастады.

Ресейдің өзінде де Путиннің салтанатты сөзін ардагерлердің бәрі бірдей қолдайды деуге келмейді. Мәскеуде тұрған 12 жыл ішінде 9-мамыр парадына бірнеше рет қатысып, Путин мен ресми тұлғалардың соғыс жайлы сөздерін қайталаған, омырауы медальға толы ардагерлерді де кездестірдім.

Бірақ, мен білген бір орыс ардагері әлгілердің құлшынысын құптамайды. 1941 жылы әскерге шақырылған ол толарсақтан саз кешіп, жауған оқ өтінде жүріп Берлинге дейін жеткен. Бірақ ол соғыс жайлы айтқанды мүлде жақтырмайтын, тіпті ең жақын туыстарына да ашылып айтқан емес.

9-мамыр күнін Мәскеу түбіндегі үйінде отбасымен, өзі сияқты соғыс ардагері бауырымен өткізетін. Отбасының басқа мүшелерімен бірге отырып, мерекелік дастарханнан ауыз тиген соң екі ардагер жеке бөлмеге барып ұзақ әңгімелесіп, әлденелерді еске алып, жылап алатын.

Мақаланы ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG