Accessibility links

Киев: Донбасс пен Қырымнан 850 мың босқын кеткен


Пески елдімекені маңындағы украиналық әскерилер бекеті. Донецк облысы, 23 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Пески елдімекені маңындағы украиналық әскерилер бекеті. Донецк облысы, 23 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Украинаның шығысындағы жанжал аймағы мен Ресей аннексиялап алған Қырымнан көшуге мәжбүр болғандардың саны 850 мың адамға жеткен. Бұл туралы Укрина төтенше жағдайлар мемлекеттік қызметі хабарлаған. Мекеменің дерегі бойынша, босқындардың көбі – Донецк және Луганск облыстарының тұрғындары.

Соңғы тәулікте Украинаның шығысында қарулы қақтығыстар салдарынан екі әскери қызметкері, сонымен бірге, атыс кезінде үйіне граната түскен Луганск облысындағы Станица кентінің бір тұрғыны жараланған. Украина әскерилері сепаратистерді Минск келісімі бойынша қолдануға тыйым салынған калибрдегі артиллерия қолданды деп айыптайды. Бұған дейін хабарланғандай, Пе́ски кенті, Счастье қаласы мен Крымское селосы маңындағы украиналық әскерилер бекіністерін 120-миллиметрлік минометтен атқылаған.

Өзін өзі жариялап алған «Донецк халық республикасы» өкілдері болса, украиналық әскерилер тәулік ішінде қырыққа жуық рет оқ атпау тәртібін бұзды деп мәлімдеген. Сепаратистер мәліметі бойынша, Октябрьский кенті, Донецкнің төңірегі, Горловка, Саханка және Гольма елдімекендері оқ астында қалған. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

XS
SM
MD
LG