Башқұртстанның Салават қаласындағы қатаң тәртіптегі түзеу колониясында сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан жүзден аса адам ондағы тұтқындардың жағдайын жақсартуды талап етіп бүлік шығарды. Тәртіпсіздіктер барысында 11 тұтқын зардап шегіп, олардың бесеуі ауруханаға түскен деп хабарлайды Ресей федералдық жазаны орындау қызметінің (ФСИН) аймақтық басқармасы.
Осы мекеменің мәліметі бойынша, түзеу колониясындағы ғимараттардың бірінің төбесіне бекініп алған он екі тұтқынмен құқық органдары келіссөздер өткізіп жатыр. Түзеу мекемесіне арнайы мақсаттағы жасақ жіберілген. Оқиға болып жатқан жерге Башқұртстан Республикасы прокуроры Андрей Назаров барған.
Салават қаласындағы қатаң тәртіптегі 2-түзеу колониясында барлығы 1200-ден аса адам жазасын өтеп жатыр. Башқұртстан прокуратурасы жаппай тәртіпсіздік фактісі бойынша колонияда тексеру шараларын бастаған.
Сәрсенбі күні Ресейдің Нижегород облысындағы 3-ші емдеу-түзеу мекемесінде шыққан тәртіпсіздіктер салдарынан бір тұтқын қаза тауып, 20-дан аса адам зардап шеккен. ФСИН колониядағы бүліктің шығуына тұтқындар арасындағы тұрмыстық сипаттағы кикілжің себеп болған деп мәлімдеген.