Түркияның бұрынғы президенті 97 жастағы Кенан Еврен мамырдың 9-ы күні дүниеден өтті. Оның алдында денсаулығы күрт нашарлауы себепті Евран Анкарадағы емханалардың біріне жатқызылған.
1980 жылы қыркүйектің 12-і күні Түркияда әскери төңкеріс жасап билік басына келген генерал Кенан Еврен екі жылдан соң Түркия президенті болып сайланып, 1989 жылға дейін елді басқарған. Еврен билікте болған кезеңде Түркияда ондаған адам өлім жазасына кесіліп, мыңдаған адам түрмеге қамалған.
2010 жылға дейін Кенан Еврен жеке басына қол сұғуға болмайтын тұлға болып келген.
2014 жылы Анкара соты оны әскери төңкеріс ұйымдастырғаны үшін айыпты деп тауып, оны барлық атақ-шенінен айырып, өмір бойы түрме жазасына кесуге үкім шығарған. Бірақ, ол үкім толыққанды күшіне енген жоқ.