Accessibility links

Ресей оппозициясы: Донбаста 220 ресейлік әскер оққа ұшты


Оппозиция белсендісі Илья Яшин "Путин. Соғыс" зерттеу жинағын таныстырып тұр. Мәскеу, 12 мамыр 2015 жыл.
Оппозиция белсендісі Илья Яшин "Путин. Соғыс" зерттеу жинағын таныстырып тұр. Мәскеу, 12 мамыр 2015 жыл.

Ресей оппозицияшыл белсенділері бүгін оппозициялық саясаткер Борис Немцов бастаған зерттеуді жариялап, Мәскеу Украина шығысындағы сепаратистерді қолдауға 53 миллион рубль (шамамен 1,04 миллион АҚШ доллары) жұмсаған деген ақпарат таратты. Борис Немцов бастап, оның жақтастары аяқтаған "Путин. Соғыс" деп аталатын зерттеу материалдарында бұған қоса Донбастағы қақтығыстарда кемінде 220 ресейлік сарбаз қаза тапқан деген де дерек бар.

Немцов Ресей әскерінің Украина шығысында соғысып жатқаны туралы зерттеуінде көпшілікке мәлім ақпарат көздері мен сарбаздардың отбасыларынан алынған сұхбаттарды пайдаланған.

65 парақтан тұратын зерттеу жинағын басып шығаруға Немцовтың ПАРНАС партиясының мүшелері мен бірнеше оппозицияшыл журналист үлес қосқан.

Борис Немцов 27 ақпан күні Мәскеудің орталығында, Қызыл алаңға жақын тұста түнде қастандықтан қаза тапты. Жақтастары президент Владимир Путинді ашық сынап жүрген Немцовтың өліміне Кремльдің қатысы бар деп санайды. Бірақ билік оны жоққа шығарады.

Батыс елдері мен Украина Ресейді Донбастағы сепаратистерге қаржылай және әскери көмек көрсетіп, сарбаздарды даярлау, барлау жұмыстарына дем беріп отыр деп айыптайды. Бірақ мұны жоққа шығаратын Кремль зерттеу жинағындағы мәліметтерге қатысты әзірге түсінік бере қоймады.

"Путин. Соғыс" жинағының таныстырылуы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Ресейге ресми сапарымен тұспа-тұс келіп отыр. Керри бүгін Сочиде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Украинадағы жағдайды талқыламақ.

XS
SM
MD
LG