Парламент мәжілісінің депутаттары бүгін жеке детективтік қызмет туралы заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Заң жобасын парламентте таныстырған әділет министрі Берік Имашевтің айтуынша, құжат жеке детективтің құқықтары мен міндеттерін, детективке лицензия беру, лицензиясынан айыру және қызметін уақытша тоқтатудың тәртіптерін реттейді.
Заң жобасы бойынша, Қазақстанның 35 жасқа толған, жоғары заңдық білімі бар, ішкі істер министрлігінің тергеу немесе оперативтік бөлімдерінде, я арнайы мемлекеттік органдарда кемінде 15 жыл жұмыс істеген азаматы детектив бола алады.
Заң жобасында детективтік қызметке жекеше әңгімелесу, жеке және заңды тұлғалардан анықтама, мінездеме және құжаттар сұрату және басқалары жататыны айтылған.
Берік Имашевтің айтуынша, заң жобасы бір жағынан детективтік қызмет нарығын дамытып, екінші жағынан азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.