Алматыда грек-рим күресінен олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі мен спорттағы жолы туралы "Жеңіске деген жігер" деректі фильмінің премьерасы өтті.
Фильмде Жақсылық Үшкемпіров туралы кинохроника мен әңгімелер кезек беріліп отырады. Фильмде спортшы туралы актер Асанәлі Әшімов, әнші Роза Рымбаева, мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, спортшы Ермахан Ыбырайымұлы, спортшы әрі жаттықтырушы Дәулет Тұрлыханов пікір айтады.
"Жеңіске деген жігер" фильмінде пайдаланылған кинохроникада Үшкемпіровтің спортта жүрген жылдарындағы жаттығулары, түрлі жарыстардағы күрескені, оның ішінде 1980 жылы Мәскеу олимпиадасындағы күрескен сәттері көрсетіледі. Бұл олимпиадада Үшкемпіров 48 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде олимпиада чемпионы болған. Деректі фильмде қазақстандық саясаткерлерден Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаев көрінеді. Фильмде Жақсылық Үшкемпіров фильмде спортшы кейпінде ғана емес, отбасы ортасында, қазіргі кәсібі тұрғысында да көрсетілген.
Деректі фильмді "Қазақфильм" киностудиясында режиссер Тоқтар Қарсақбаев түсірген. Фильмнің премьерасына Жақсылық Үшкемпіровтің өзі де қатысты. Жақсылық Үшкемпіров 6 мамырда 64 жасқа толған.