Түркістан маңындағы Ескі Икан ауылында қайта орнатылған Сталин ескерткішіне қатысты ауыл әкімдігі Азаттыққа арнайы түсінік берді.
Ауыл әкімі айтуынша, ескерткішті қайта қалпына келтіруге әкімдік рұқсат бермеген. Азаттықтың "Еркін сөз" бағдарламасына комментарий берген ауыл әкімі Абдулла Сайдикрам:
- Ескерткішті орнатуға қолдау білдірген жоқпыз. Қарсы болдық. Ауыл тұрғындары көнбеді. Енді біз оны сотқа беріп жатырмыз, - деді.
2014 жылы 6 маусымда Ескі Икан ауылында болған дауыл кезінде бұрынғы СССР басшысы Сталиннің ескерткіші құлап қалған. Сол ескерткішті бір топ ауыл тұрғыны мамыр айында қайта қалпына келтірген.
Ескерткішке қатысты түсірілген "Еркін сөз" бағдарламасын Азаттық сайтынан 15 мамыр күні көре аласыздар.