Accessibility links

Головкин Монроны нокаутпен жеңді


Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин .
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин .

Мамырдың 17-сі күні АҚШ-тың Калифорния штатындағы Инглвуд қаласында қазақстандық боксшы Геннадий Головкин америкалық боксшы кіші Вилли Монромен кездесіп, тағы да нокаутпен жеңіске жетті.

Головкин бірінші раундтан ширақ қимылдап, басымдығын байқатты. Екінші раундта ол Монроға екі ауыр соққы дарытып, құлатты. Алайда америкалық боксшы бұл соққылардан кейін есін жиып, боксты жалғастырды.

Алтыншы раундта Головкиннің бірнеше соққыларынан кейін Монро тізесімен жүрелеп отырып қалды. Төреші тоғызға дейін санағанда Монро орнынан көтерілді. Бірақ төреші екі қолын айқастырып, кездесу аяқталғаны туралы белгі берді. Монро бұл шешімге қарсылық білдірген жоқ.

33 жасар Головкин 33-кездесуін жеңіспен аяқтады. Қазақстандық боксшы бұл кездесулерінің 30-ын нокаутпен жеңді. Қазақстандық кәсіпқой боксшы орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) дәрежелері бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды.

Бұл - қазақстандық кәсіпқой боксшының биылғы екінші кездесуі. Ол ақпанның 21-і күні Монакода ұлыбританиялық Мартин Мюррейді 11-раунда нокаутқа жіберген.

Кездесуден кейін Головкин "Алғашқы раундта Монроға рингте кім қожайын екенін көрсеткім келді. Кейін оған бокстасуға мүмкіндік бердім. Алғашқы раундта-ақ кездесуді аяқтауға болар еді. Бірақ жанкүйерлер бес минут үшін келген жоқ. Мен оларға шоу көрсеткім келді және олар қалаған шоуды көрсеттім. Мен кіммен болса да кездесуге дайынмын" деді.

Головкин осымен 20-кездесуді қатарынан нокаутпен жеңіп, Майк Тайсонның рекордын бұзды. Тайсон 19 кездесуін үздіксіз нокаутпен жеңген еді.

Геннадий Головкин осы кездесуі үшін 1 миллион 500 мың доллар, Монро 100 мың доллар гонарар алды.

XS
SM
MD
LG