Accessibility links

"Адемдегі" өрт шығыны көлемі есептелді


Өртенген "Адем" сауда кешені. Алматы, 27 сәуір 2015.
Өртенген "Адем" сауда кешені. Алматы, 27 сәуір 2015.

Алматыда "Адем" сауда орталығында болған өрттен келген шығын сарапшылардың алдын-ала болжамы бойынша 5,3 миллиард теңгені (28 миллион АҚШ долларынан астам) құрайды. Бұл жайында бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында "Евразия" сақтандыру компаниясының директоры Борис Уманов мәлімдеді.

Умановтың сөзінше, шығын көлемі қолда бар құжаттар негізінде есептелген. Ол барынша нақты мәлімет сақтандыру қызметкерлері "Адемнің" өртенген павильонына кіргеннен кейін болатынына үміт білдірді.

"Бір ғимарат жанып кетті. Қазір шығын 5,3 миллиард теңге деп бағаланып отыр. Оның 900 миллионы - өндірістік кідірістен келетін шығын" деді Уманов. Ол есептелген сақтандыру сомасына өртенген ғимарат қана кіретінін, саудагерлердің өртенген тауарлары есептелмегенін айтты. Уманов өртке дейін тек бірнеше саудагер ғана сақтандыру келісім-шартын жасасқанын айтады.

Сәуірдің 26-сында сағат 21 шамасында "Адем" сауда орталығы павильондарының бірінен өрт шығып, ол 27 сәуір күні түске таман бір-ақ өшірілген. Өрт аумағы 25 мың шаршы метрден асып, кешеннің бір павильоны түгелдей өртенді. Өрт екінші павильонды да шарпыды. Өрттің неден шыққаны әлі хабарланбады.

XS
SM
MD
LG