Ауғанстан соты бүгін "Құранды өртеді" деп айыпталған әйел - 27 жастағы Фархунданы өлтіру кезінде "әрекетсіздік танытып, қызметтік міндеттерін атқармады" деп айыпталған 11 полицейді бір жылға соттады. Үкімді жариялаған судья Сафиулла Моджадеди сотталушылардың үкімге шағымдануына құқықтары барын айтты. Сот сегіз полицейді "қылмыс жасағандарына дәлел, айғақтар жеткіліксіз" деп жазадан босатты.
Фархунданың өліміне қатысты іс бойынша 19 полицейді қоса алғанда сотқа барлығы 49 адам тартылған.
Фархунданы 19 наурызда бір топ ер адам "Құранды өртеді" деп жазықсыз айыптап, аяусыз ұрып-соғып, денесін өртеген. Кейін денесін Кабулдегі қасиетті саналатын мазарлардың бірінің жанындағы өзенге лақтырып жіберген.
Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, Фархунда имаммен оның мешітте әйелдерге тұмар сатуын сынап, сөзге келіп қалған. Дау кезінде әйел құран өртеді деп айыпталып, зорлық көрген. 19 полицей "әрекетсіздік танытып, қызметтік міндеттерін атқармады" деп айыпталған.
Кейін полиция Фархунданың "Құранды өртегені" жалған болғанын анықтады.
Мамыр айының басында Кабул соты Фархунданың өліміне айыпты деп танылған төрт адамды өлім жазасына кескен. Сегіз адам 16 жылға бас еркіндігінен айырылып, қалған 18 адам қылмысына дәлел жеткіліксіз болғандықтан босатылған.
Фархунданың өлімі Ауғанстан қоғамында жаппай наразылықтар тудырды.