НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг бүгін Брюссельде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөз өткізеді.
Associated Press агенттігінің НАТО-ның аты-жөнін атамаған шенеунігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Столтенберг пен Лавров НАТО-Ресей қарым-қатынасын, Украина шығысындағы қақтығысты тоқтату жөніндегі Минск келісімінің орындалуын талқыламақ.
Сергей Лавров Брюссельге Еуропа кеңесі министрлер комиссиясының жыл сайынғы отырысына қатысу үшін барған.
НАТО мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас Ресей 2014 жылы наурызда Қырым түбегін Украинадан аннексиялап алған соң қырғи-қабақ соғыс кезеңінен бері болмаған деңгейге дейін нашарлап кетті. НАТО Ресейді Украина шығысындағы сепаратистерге әскери қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды.