Пхеньян БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның Солтүсік Кореяға жоспарлаған сапарын аяқ астынан доғартты. Пан Ги Муннің баспасөз хатшысының хабарлауынша, бұл туралы Пхеньян кеше хабарлаған.
"Бүгін таңертең Корей Халық Демократиялық Республикасы билігі дипломатиялық арналары арқылы менің Кэсон индустриялық кешеніне сапарымды доғаратындарын хабарлады" деді 20 мамырда Пан Ги Мун Сеулде. "Соңғы сәттегі шешімінің себебін айтпады" деген БҰҰ бас хатшысы Пхеньянның бұл қадамын "өте өкінішті" деп атады.
Оңтүстік Корея дипломаты Пан Ги Мун Сеул мен Пхеньян бірігіп басқаратын Кэсон кешенін осы апта басында "Қос Корея үшін ұтқыр модель болды" деп бағалаған. "Кэсон Оңтүстік Корея мен Солтүстік Кореяның артықшылықтарын өзара бір-бірін толықтырып отыру негізінде пайдаланудың ерекше жолын бейнелейді" деді Пан Ги Мун.
БҰҰ бас хатшысы бұған қоса Сеул мен Пхеньян арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін бар күшін жұмсауға ниетті екенін де айтты.