Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев бүгін елдің Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіруі туралы келісімді ратификациялайтын заңға қол қойды. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, қол қою рәсіміне премьер-министр Теміра Сариев, парламент спикері мен жоғарғы сот төрағасы, ЕАЭО-ға мүше елдер - Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения елшілері қатысқан.
Алмазбек Атамбаев ратификациялау туралы заңға қол қойған күнді "тарихи күн" деп атап, келісімде "ұлттық мүдделер сақталғанын" айтты.
Қырғызстан осымен ЕАЭО-ға кірудің барлық мемлекетішілік процедураларын аяқтады. Енді ресми Бішкек Еуразия экономикалық комиссиясына тиісті нота жолдайды. Бұдан соң Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі туралы құжатты одаққа мүше төрт ел ратификациялауы тиіс.