Accessibility links

Меркель: Ресейдің G7 тобына кіруін елестету қиын


Германия канцлері Ангела Меркель Бундестагта сөйлеп тұр. Берлин, 21 мамыр 2015 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель Бундестагта сөйлеп тұр. Берлин, 21 мамыр 2015 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель Мәскеу демократиялық құндылықтар мен халықаралық құқықтың ортақ талаптарын орындай алмай отырғандықтан Ресейдің әлемнің экономикасы дамыған "Үлкен жетілік" (G7) елдері тобына кіруін "елестету қиын" деп мәлімдеді. Бұл жайында ол бүгін Берлинде Германия парламенті - Бундестагта сөйлеген сөзінде айтты.

"Біз G7-ні құндылықтар қауымдастығы ретінде танимыз. Бұл еркіндік, демократия мен заңның үстемдік құруы жолында бірге жұмыс істеу деген сөз. Бұл дегеніміз мемлекеттердің заңы мен олардың территориялық тұтастығын құрметтеуді білдіреді. Ресейдің Украинадағы әрекеті мұнымен үйлеспейді" деді Меркель.

Меркель Бундестагтағы жиыннан соң Ригада өтетін Еуропа Одағының "Шығыс әріптестігі" бағдарламасына қатысушы елдер басшыларының саммитіне барады. "Шығыс әріптестігі" бағдарламасына Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Молдова және Украина қатысады.

2014 жылы наурызда Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алған Ресейді батыс елдері Украина шығысындағы сепаратистерді қару-жарақ және әскермен қамтамасыз етіп отыр деп айыптайды. Мәскеу айыпты жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG