Еуропа Одағы (ЕО) шығыс еуропалық серіктестерімен тығыз байланыс орнатуға бұрынғыдан да пейіл. Бұл жайында Ригада 21 мамырда басталған ЕО-ның "Шығыс әріптестігі" бағарламасына қатысушы елдер саммитінде сөйлеген Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск мәлімдеді. "Мен "Шығыс әріптестігі" біздің ортақ басымдығымыз екеніне сенімдімін. "Шығыс әріптестігі" - Ресей мен ЕО арасындағы сән байқауы емес. Бірақ егер Ресей анағұрлым жұмсақ, ашық, тартымды, онда өз кемшіліктерін басқыншылық пен көршілерін үркіту саясатымен жабуға мәжбүр болмайтын еді" деді Туск.
"Мәскеуден ерекшелігіміз - біз Шығыс Еуропа мемлекеттері жолын өзі таңдай алатынын және олардың таңдаған жолын қолдаймыз" деді Германия канцлері Ангела Меркель. Оның сөзінше, ЕО-да қандай да бір жалған үміт болмауы тиіс. "Шығыс әріптестігі" ЕО-ны кеңейту емес, ЕО-мен жақындастыру құралы" деді Меркель.
ЕО-ның "Шығыс әріптестігі" бағдарламасына Армения, Әзербайжан, Молдова, Беларусь, Украина және Грузия қатысады. Украина, Грузия мен Молдова ЕО-мен интеграцияны күшейтіп, одаққа мүше болуға тырысады. Ал Армения мен Беларусь Ресей бастаған Еуразия экономикалық одағына кіріп, ЕО-мен қарым-қатынасын шектеген. Адам құқықтары мен сөз еркіндігіне қауіп төнген Әзербайжан ЕО-мен серіктестікке аса қызығушылық танытпайды.
Ригадағы саммит бүгін аяқталады. Саммитте "Шығыс әріптестігі" бағдарламасына қатысты ережелері бар және Украинадағы қақтығысқа қатысты декларация қабылданады деген болжам бар.