Accessibility links

Сот Атабектің шағымын қанағаттандырмады


Kazakhstan – Aron Atabek, Kazakh dissident, convinced after clashes with police. Almaty, 05Oct2007
Kazakhstan – Aron Atabek, Kazakh dissident, convinced after clashes with police. Almaty, 05Oct2007

Мамырдың 22-сі күні Астана қаласының соты түрмедегі ақын әрі диссидент Арон Атабектің қамаудағы жағдайына қатысты шағымды қарады.

Атабектің адвокаты Жанар Балғабаеваның сөзінше, олар тұтқынның мақұлданған бірнеше талабын қабылдаудан бас тартқан сотқа байланысты шағымданған. Бүгінгі сотта судья «ешқандай негіз жоқ» деген уәжбен ол шағымды қанағаттандырмаған.

Адвокаттың айтуынша, сот бұған дейін Арон Атабекке қолжазбаларын қайтарып алуға және туысқандарымен кездесуге рұқсат еткен, бірақ ол іс жүзінде әлі орындалмай отыр.

Атабектің қорғаушыларының сөзінше, олардың «қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Атабекке қатысты әрекеті қатыгез, адамның ар-намысына тию екендігі мойындалсын, ол фактілерге қатысты тәуелсіз тергеу жүргізілсін, Атабектің АП-162 мекемесінде қамауда болуы заңсыз деп танылсын, оны өзі бұрын қамалған Алматы облысы территориясындағы түзеу мекемесіне жіберсін, тұтқынның қамау орнын ауыстарғаны жөнінде туған-туыстарына дер кезінде хабар берілсін, оны жан-жақты медициналық тексеруге жіберсін» деген талаптары орындалмаған.

62 жастағы Арон Атабек түрмеде өткізген сегіз жылдың ішінде абақты ауруханасына бірде-бір рет жіберілмеген. Алайда осы уақыт ішінде ол екі мәрте «түрме ішіндегі түрме» шарасымен жазаланған, яғни хат жазысу мен кездесу құқығынсыз, ұзақ уақыт жалғыз қамалған. 2013 жылдың желтоқсанынан бері оны бір тергеу изоляторынан екіншісіне ауыстырумен келеді.

Арон Атабек пен тағы үш азамат 2006 жылы шілдеде билік Алматы маңындағы Шаңырақ ауылында заңсыз салынды деп тапқан үйлерді қиратпақ болған кезде шыққан тәртіпсіздікке байланысты қылмыстық сипаттағы айыптармен сотталған. 18 жылға сотталған Атабек әлі 10 жыл жазасын өтеуі тиіс.

2010 жылы диссидент ақын Арон Атабек халықаралық «Шығармашылық еркіндігі» сыйлығына лайық деп танылған. Ол – 2007 жылғы оппозициялық «Азаттық» сыйлығының лауреаты. Қазақстанның бірқатар құқық қорғау ұйымдары Арон Атабекті саяси тұтқын деп таниды.

XS
SM
MD
LG