Ирак армиясы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы басып алған Рамади қаласының шығысындағы бір бөлігінен оларды ығыстырған.
France Press агенттігінің Ирак армиясындағы аты-жөнін атамаған дереккөзіне сілтеп хабарлауынша, үкімет әскерінің ИМ тобына қарсы операциясы бүгін таңертең ерте басталған. Бұл осыдан бір апта бұрын Рамади қаласын ИМ содырлары басып алғалы бері Ирак армиясының алғашқы қарсы шабуылы.
Бұған дейін Рамади қаласына ИМ шабуылы кезінде үкімет әскері соңғы бір жылдағы ең елеулі шығынға ұшырағаны хабарланған.
Оқиға куәгерлері мен бейресми дереккөздері Ирак армиясы Рамадидің шығысындағы Халдия қаласы маңында да жергілікті милиция жасағының қолдауымен ИМ содырларымен шайқасып жатқаны жайлы хабарлаған.
Ұрыс аймағынан түскен ақпараттарды өзге тәуелсіз тараптардан нақтылау әзірше мүмкін болмай отыр.