Accessibility links

Путин «жағымсыз» ұйымдар туралы заңға қол қойды


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин елдегі шетелдік және халықаралық «жағымсыз» ұйымдар туралы заңға қол қойды. Заң мәтіні сенбі күні ресми құқықтық ақпарат порталында жарияланды.

Заңға сәйкес, Ресейдің «конституциялық құрылыс негізіне, қорғаныс қабілетіне және мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін» шетелдік немесе халықаралық үкіметтік емес ұйымдар қызметі «жағымсыз» деп танылуы мүмкін. Ондай шешімді Ресей сыртқы істер министрлігімен келісе отырып Ресей бас прокуроры немесе оның орынбасарлары қабылдайды және күшін жоя алады.

«Жағымсыз» деп танылған ұйымдар тізімін Ресей әділет министрлігі түзіп, жариялап отырады.

Заң бұзғаны үшін 5 мыңнан 100 мың рубльге дейін айыппұл салу қарастырылған, заңды қайта бұзғандарға алты жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмақ.

Сарапшылар мен құқыққорғаушылар Ресейде қабылданған жаңа заң «Шекарасыз дәрігерлер», «Халықаралық амнистия», «Халықаралық Хельсинки тобы», «Гринпис», «Шекарасыз тілшілер», «Трансперенси Интернешнл» сияқты ұйымдардың қызметіне әсер етуі мүмкін деген пікір айтады.

Сондай-ақ, сенбі күні президент Путин Ресейдегі саяси партиялар туралы заңға өзгерістерді бекіткен. Оған сәйкес, саяси партия ретінде ресми тіркеуден өтпеген заңды тұлғаларды «партия» деп атауға тыйым салынады.

XS
SM
MD
LG