Тайваньда жасөспірімдер мен жастар арасында бокстан өткен әлем чемпионатында қазақстандық қыздар екі алтын, үш күміс және жеті қола жүлдеге ие болған. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлады.
Жасөспірімдер арасында 66 келі салмақта қазақстандық 14 жастағы Надежда Рябец финалда АҚШ өкілі Кайли Холды жеңіп, әлем чемпионы атанған. 63 келі салмақ дәрежесінде Ләйла Құсайынова мен 80 келіде сынға түскен Дина Исламбекова күміс жүлдені иеленген. Ал Жазира Орақбаева (46 кг), Владислава Кухта (57 кг), Елена Шерункова (70 кг) және Гөзел Садыкова (75 кг) жасөспірімдер арасында қола жүлдегер атанды.
Жастар арасындағы бәсекеде 54 келі салмақта күш сынаған Балауса Мұздиман финалда Еуропа чемпионы – италиялық Кончетта Марчезені ұтып, әлем жеңімпазы атанған. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Баян Ақбаева 69 келі салмақта өткен финалдық сайыста Ресей өкілінен жеңіліп, күміс жүлде алса, қола медальды Назым Ищанова (60 кг), Алтын Мұқышбекова (81 кг) және Жанел Жұмасова (81 келіден жоғары салмақта) еншілеген.