Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен Ресей президенті Владимир Путин Сириядағы дағдарысты реттеу жолдарын іздестіру жайлы келіссөзді қайта жалғастыруға уағдаласты деп хабарлады мамырдың 25-і күні Кэмеронның баспасөз қызметі.
Ұлыбритания премьер-министрі баспасөз хатшысының хабарлауынша, Путин Кэмеронға телефон соғып, осы айда премьерлікке қайта сайлануымен құттықтаған. Тараптар Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі келіссөз қайта басталуы тиіс деген тұжырым жасаған.
Путин мен Кэмерон Сирияда "Ислам мемлекеті экстремистік ұйымы ықпалының артуын тоқтатуды ерекше қалайтынын білдірген. "Олар екі елдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері келіссөзді қайта бастау үшін кездесуі тиіс деп уағдаласты" дейді баспасөз хатшысы.
Бұған дейінгі Сириядағы дағдарысты реттеу жолдарын қарастыру туралы келіссөз сәтсіздікке ұшыраған еді.
Екі ел басшылары бұған қоса Украина шығысындағы дағдарыс жайлы да әңгімелескен. Кэмерон Путинге Мәскеу сепаратистерді қару-жарақпен және әскермен қамтамасыз етіп отырғанын жоққа шығаратын соғысқа қатысты ұстанымдары "әлі де үйлеспейтінін" айтқан.
Ұлыбритания премьері бұған қоса ақпан айында Минскіде жасалған Украина шығысындағы қақтығысты тоқтату туралы келісім сақталуы тиіс екенін де білдірген.