Accessibility links

Ресейде әуе күштерінің жаттығуы өтіп жатыр


Ресейдің Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағына әуеден жанармай құю сәті. (Көрнекі сурет).
Ресейдің Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағына әуеден жанармай құю сәті. (Көрнекі сурет).

Ресей қорғаныс министрлігі елдің әскери-әуе күштері жүздеген ұшақ пен мыңдаған жуық әскеридің қатысуымен ауқымды жаттығу бастағанын хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, төрт күнге созылатын жаттығуға 12 мың әскери қызметкер, 250-ге жуық ұшақ пен тікұшақ және 689 түрлі қару-жарақ пен әскери техника түрлері қатысып жатыр. Министрлік жаттығуды әуе күштерінің әскери дайындығын «төтеннен жаппай тексеру» деп атаған.

Жаттығу НАТО мен оның серіктері Арктикада әскери жаттығу өткізе бастаған күні бір мезетте басталған.

Мәскеудің Украинадағы дағдарысқа килігуі мен Ресей әскери ұшақтарының батыс елдерінің әуе кеңістігін бірнеше рет бұзуы батыспен арадағы қарым-қатынасты шиеленістіріп жіберген.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы жаттығу кезінде алыс қашықтыққа ұшатын ұшақтар Коми Республикасы аумағындағы жаттығу аймағында «шартты жаудың» жерүсті нысандарына зымыранмен соққы беруге машықтанатынын айтады.

Ресей Украина шығысында әскери қақтығыс басталған 2014 жылдың сәуір айынан бері елдің бірқатар аймағында бірнеше рет ауқымды әскери жаттығу өткізді. Батыс елдері Ресейді Донбасстағы сепаратистерге қару-жарақ және әскер жөнелтіп отыр деп айыптайды. Бірақ Мәскеу мұны жоққа шығарып келеді.

XS
SM
MD
LG