Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында қырылған киік саны 120 мың 977 басқа жетті деп хабарлады бүгін ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік мәліметінше, Қостанай және Ақтөбе облыстарында қырылған киіктердің өлекселерін жою жұмыстары ендігі аяқталған. Бұл екі облыста қырылған киіктердің саны 112 мың 475 басты құраған. Санақ өлген киіктерді көму кезінде жүргізілген. Соңғы мәлімет бойынша, Ақмола облысының Жарқайың және Жақсы аудандарында киіктің 8502 өлексесі жойылды.
Киіктердің жаппай қырылуы олар төлдейтін және жануарлар тұрақты мекендемейтін өңірлерде де болып жатқаны тіркелген. Киіктер қысты республиканың оңтүстік аймақтарында өткізіп, көктемнің келуімен солтүстікке қарай қоныс аударған. Мұнымен бірге, қырылған жабайы жануарлардың 90 пайызын ұрғашы киіктер құрап отыр. Жануарлардың жағдайы мен олардың қырылу себептерін анықтау бойынша шаралар жалғасып жатыр.
Қазақстанның биологиялық әртүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) мәліметіне қарағанда, 2014 жылы мемлекеттік киік санағының нәтижесі бойынша Қазақстандағы киіктердің саны 300 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 50 мың басқа көп.