АҚШ мемлекеттік департаменті Бурундиде биліктегі партия қолдайтын Imbonerakure жастар жасағының жақындағы шабуылы, сонымен бірге бейбіт жиындар өткізу және БАҚ еркіндігіне қойылған шектеулер қазіргі дағдарысты бейбіт жолмен реттеуге кедергі келтіріп отырғаны туралы мәлімдеме таратты.
Мәлімдемеде 2005 жылдан бері билік басында отырған президент Пьер Нкурунзизаның Аруша қаласында жасалған келісімге қайшы болғанына қарамастан үшінші мерзімге президенттікке түсу туралы ниеті Бурундиде тұрақсыздыққа алып келгені айтылған.
«Бұл жағдай сенім туғызатын, еркін, әділетті және демократиялық сайлау өткізуге мүмкіндік бермейтіндіктен, біз Африканың басқа елдері және халықаралық қауымдастықпен бірге, бұдан да үлкен толқулар мен зорлық-зомбылыққа жол бермес үшін президент Нкурунзизаны маусымның 5-іне белгіленген парламент сайлауын кейінге қалдыруға шақырамыз» делінген мәлімдемеде.
Демократиялық процесте «зорлық-зомбылық пен жасақты» құрал ретінде пайдалануға болмайтынын ескерткен мемлекеттік департамент АҚШ осы себепті Imbonerakure («Имбонеракуре») жасағының іс-әрекетін қолдайтындарға қатысты виза шектеуін енгізу үшін шара қабылдап жатқанын айтқан.
АҚШ Бурундидегі барлық тараптарды елде заң үстемдігін бұзатын және тұрақсыздық туғызатын іс-қимылдардан тартынып, жағдайды бейбіт жолмен реттеу үшін саяси диалог арқылы Аруша келісіміне сәйкес келетін шешім табуға шақырған.
Сәуір айында Бурунди президенті Нкурунзиза 26 маусымда өтетін президент сайлауына қатысу шешімін жариялағаннан кейін елде толқулар басталған. 2005 жылы қабылданған конституция бойынша президент тек екі мерзімге ғана сайлана алады. Бірақ Нкурунзиза алғашқы мерзімге жалпыхалықтық дауыс беру жолымен емес, парламент арқылы сайланғанын айтып, бұл жолы сайлауға қатыса алатынын мәлімдеген.