Accessibility links

Назарбаев: Қазақстан инвесторлар үшін тартымды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бурабай, 29 мамыр 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бурабай, 29 мамыр 2015 жыл.

Астанада өтіп жатқан 28-шетел инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның экономикалық өсімі мен шетел инвесторлары үшін тартымдылығы жайлы мәлімдеді деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.

"Сыртқы экономикалық жағдайлардың күрделілігі мен геосаяси қауіп-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы өсімін жалғастырып, инвесторлар үшін тартымды болып қалып отыр" деген Назарбаев кеңес отырысының ашылуында. Ол бұған қоса "ауыл шаруашылығы ресурстарының ауқымдылығына байланысты Қазақстанның отандық және шетел инвесторларын тарту күші үлкен әрі ашылмаған әлеуеті барын" айтқан.

Биылғы шетел инвесторлар кеңесінің отырысы Қазақстандағы агробизнесті дамытуға арналады. Инвесторлар кеңесі 1998 жылы Назарбаевтың ұсынысы бойынша "Қазақстан үкіметі мен шетел инвесторлары арасында тікелей диалог орнату үшін" құрылған.

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда шетел компанияларының инвестиция салу белсенділігі біршама төмендегені байқалады. Қазақстан қаржы нарығынан HSBC банкі мен UniCredit тобы кетіп қалды. Батыстық кейбір сарапшылар инвесторлардың Қазақстанға қызығушылығының төмендеуін елдегі коррупция деңгейінің жоғары болуымен, білікті мамандардың тапшылығымен және биліктің қалай ауысатыны белгісіз болғандықтан туындайтын саяси қауіп-қатермен байланыстырады.

XS
SM
MD
LG