Accessibility links

Донбасста 5 украин сарбазы қаза тапты


Донецк қаласынан 25 километр жердегі Марьинка елді мекенінде блок-постта тұрған ресейшіл сепаратист. Украина.
Донецк қаласынан 25 километр жердегі Марьинка елді мекенінде блок-постта тұрған ресейшіл сепаратист. Украина.

Украина шығысындағы Донецк облысының Марьинка елді мекенінде ресейшіл сепаратистермен ұрыста бес украиналық әскери қызметкер қаза тауып, 39-ы жараланды. Бұл жайлы бүгін Facebook-те Украина президентінің кеңесшісі Петр Бирюков хабарлады.

Оның жазуынша, сепаратистер 3 маусымдағы Марьинка елді мекенін басып алу әрекеті сәтсіздікке ұшырағаннан кейін кері шегінген. Сепаратистер танктерді және артиллерияны пайдаланып Марьинкадағы украин әскерилерінің бекінісін басып алмақ болған.

Украина қарулы күштері бас штабының өкілі Владислав Селезневтің мәліметінше, сепаратистер Марьинка түбіндегі ұрыста сепаратистер 50 адамынан айырылған деп хабарлайды УНН агенттігі. Донецк ауруханасына ондаған жаралы сепаратист түскен. Бұған дейін өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" өкілдері 15 сарбазы мен бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлаған.

УНИАН агенттігі маусымның 4-іне қараған түні сепаратистер Широкино, Песка, Луганская станицасы, Крымск, Золотой және Новотроицкдегі украин әскерилерін атқылағанын хабарлайды.

Донецкіде өткен түн тыныш өтті деп хабарлайды "Донецк халық республикасы" өкілдеріне сілтеме жасаған "Интерфакс". 3 маусым күні қалада атыстан 21 үй қираған. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер туралы мәлімет тексеріліп жатыр.

XS
SM
MD
LG