Қазақстанда төрт күн ішінде Ұлттық бірыңғай тест тапсырған 12 мыңнан аса мектеп бітіруші ең төменгі көрсеткішті жинай алмаған. Бұл туралы Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«ҰБТ тапсырғандардың 18,2 пайызы, яғни 12 мың 874 түлек ең төменгі көрсеткіш – 50 балды жинай алмаған. 12 мың 454 адам (17,6 пайыз) 100-ден жоғары балл жинаған» делінген министрлік хабарламасында.
Осы кезге дейін ҰБТ тапсырғандар арасында ең жоғары көрсеткіш - 125 балды мектеп бітірушілерден бес қыз ғана алған.
Төрт күндегі мәлімет бойынша, ҰБТ тапсырғандар арасындағы орташа бал – 79,7.
Қазақстанда ҰБТ маусымның 2-күні басталған, ол 8 маусымға дейін (апелляция кезеңі 15 маусымға дейін) өтеді. Биыл мектеп бітірген 124 мың 346 түлектің (олардың үштен екісі – мектепті қазақ тілінде, қалғаны орыс тілінде аяқтаған) 87 мың 770-і ҰБТ тапсыруға өтініш берген.