Бостон марафон кезіндегі екі жарылысқа негізгі айыпкер Джохар Царнаевтың достарының бірі – АҚШ азаматы Робел Филлипос үш жылға сотталды. Жұма күні шешімін жария еткен сот алқасының мүшелері Филлипос қылмыстық іске тергеу жүргізген ФБР өкілдеріне Царнаевпен байланысы туралы әдейі өтірік айтқа деген ұйғарым жасаған.
Сот алқасы Бостондағы жарылыстардан соң Робел Филлипосты танысы Азамат Тәжаяқовпен бірге Царнаевтың рюкзагы мен ноутбугін оның жатақханадағы бөлмесінен алып шыққаны үшін айыпты деп тапқан.
Бұның алдында, жұма күні АҚШ соты қазақстандық Азамат Тәжаяқовты үш жарым жылға түрме жазасына кескен.
Бостондағы жарылыстарға қатысты жауапқа тартылған Қазақстанның тағы бір азаматы Диас Қадырбаевты сот маусымның 2-і күні алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Негізгі айыпкер Джохар Царнаев өлім жазасына кесілген.
2013 жылы сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде екі жарылыстан 3 адам мерт болып, 260-тан аса адам жараланған еді. Арада бірнеше күн өткесін полиция жарылысты ұйымдастырушы ретінде күдіктіге айналған ағайынды Тамерлан (26 жаста болған) мен Джохар Царнаевтардың ізіне түскен. Бостон полициясының мәліметі бойынша, Тамерлан сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшқан, ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен.