Accessibility links

«Дордойға» барушы кәсіпкерлер кеденнің жойылғанын күтеді


Қырғызстандағы «Дордой» базары. (Көрнекі сурет)
Қырғызстандағы «Дордой» базары. (Көрнекі сурет)

Маусымның 8-і Қырғызстанның «Дордой» базары кәсіподағы төрайымы Дамира Доолотолиева сауда айналымы соңғы айда «80 пайызға төмендегенін» мәлімдеді. Қазақстан кәсіпкерлері де Қырғызстан ЕАЭО-ға қосылғанымен, шекарадағы кедергілердің әлі жойылмағанын айтады.

«Дордой» базары кәсіподағы төрайымы Дамира Доолотолиеваның айтуынша, Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) қосылуға таяған шақта (2015 жылдың мамыры), үкімет ақпаратына сүйенген «Дордой» саудагерлері жаппай тауар алып, еркін сауданың пайдасын көруге әзірленген. «Дордой» сатушылары араларында «тауар алу үшін үйін, көлігін сатқандардың, алайда Қазақстанмен арадағы кеден жойылмай, тауары өтпей қиын жағдайда қалғандардың» бар екенін айтады.

Мұның себебін Дамира Доолотолиева Қырғызстан ЕАЭО-ға қосылғанымен, кедендік баж салығы әлі жойылмауымен түсіндіреді. Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты одаққа мүше елдер әлі ратификациялап бітпеген.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы шектесетін тұсқа жақын орналасқан «Дордой» Кеден Одағы іске қосылғанға дейін сауда айналымы ауқымды, тауар бағасы салыстырмалы түрде арзан базар ретінде танымал болған.

Алайда Қазақстан ЕАЭО-ға (Кеден Одағына – ред.) Қырғызстаннан бұрын қосылып, кедендік баж салығы күрт өскендіктен, қазақстандық саудагерлер «Дордойға» баруды азайтып, барғаны шекарадан затты сөмкелеп тасуға мәжбүр болған. Доолотолиеваның сөзіне қарағанда, Қырғызстан аумағына кіретін көліктерден үш мың сом экологиялық алым алу туралы қырғыз үкіметі қаулысы да Қазақстаннан келетін кәсіпкердің азаюына себеп болған.

«КЕДЕН ОДАҒЫНЫҢ КЕДЕРГІСІ»

Алматы қаласында тұратын кәсіпкер Талғат Нарымбаев «Дордой» базары кәсіподағы жетекшісінің мәліметтерін растайды. Ол Қырғызстанмен арадағы кеден бекеті алынатыны туралы хабарға қуанып, «Дордойдан» Алматыға киім-кешек тасу оңайлайды деп есептеген.

- Бірақ олай болмады. Қырғызстан ЕАЭО-ға мамырдың 8-і қосылды деп хабарланса да кеден істеп тұр, баж салығы әлі қымбат. Қырғызстан шекарада көліктен экологиялық алым алуды да шығарды. Әрине, бұл біз сияқты ұсақ саудагерлердің бетін қайтарады, - дейді ол.

"Дордойдағы" тауарлар. (Көрнекі сурет)
"Дордойдағы" тауарлар. (Көрнекі сурет)

Талғат Нарымбаев «Дордой» базарына баратын кәсіпкерлер екі мемлекет арасындағы кеден бекеті алынғанын күткенді жөн көретінін айтады. Өйткені кеден бекетінің таяуда алынатыны анық. «Дәл қазір кедендік баж салығын төлеп, затты қымбатқа әкелудің қисыны жоқ» дейді ол.

Алматы облысы Талғар кентінің тұрғыны Гүлмира Жарқынбекова да арзан киім-кешек сатып алуға «Дордойға» барып тұратынын, бірақ маусымның 5-і күні барғанында базар аралаушылардың аз екенін байқағанын айтты.

- Бұрын шекарадан өту үшін екі сағаттай кезек күтетінбіз, соңғы барғанымда тез өтіп кеткенімізге өзіміз де таңырқадық. Бұрынғыдай кезек жоқ, - дейді ол.

Гүлмира Жарқынбекованың сөзіне қарағанда, «Дордой» базарына Қазақстан саудагерлерінің баруына Кеден Одағының талаптары кедергі.

- Кеденде небәрі 10-15 килограмм болатын сөмкедегі заттарды тексеретін. Кеден Одағы талабы бойынша одан көп әкетуге рұқсат жоқ. «Дордойға» бір шалбар, бір көйлек алу үшін ешкім бармай қалды. Мәселен, төрт шалбар алсаң, «сатуға апарасың» деп рұқсат етпейді. Тексермес үшін әр сөмкеге бес жүз, мың теңге береміз, - дейді ол.

Гүлмира Жарқынбекова әкелетін тауары аз болғандықтан, жеке көліктерін Қордай кеден бекеті маңында қалдырып, шекараның арғы бетінен такси жалдап барып жүргенін айтты.

«КЕДЕННІҢ АЛЫНҒАНЫН КҮТЕДІ»

Азаттық тілшісі Қырғызстандағы «Дордой» базарына барушы қазақстандық кәсіпкерлердің не себептен азайғанын ресми орындардан сұрап көрді. Қаржы бақылау комитетінің Жамбыл облысындағы департаментінің аты-жөнін атамаған қызметкері «саудагерлер кеден бекетінің таяу арада алынатынын біліп отырғанын» айтады. Яғни, «қазір тауар әкелсе, кедендік баж салығы жойылған соң ол тауар кейін келген арзан тауармен бәсекелесе алмайды».

Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай кедені. Қазақстан, Жамбыл облысы, 16 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай кедені. Қазақстан, Жамбыл облысы, 16 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ал Қордай кеден бекеті бастығының орынбасары (аты-жөнін айтудан бас тартты) кеденнен көлігімен өтетін кәсіпкерлер азайды дегенмен келісе қоймайды. Оның сөзінше, «шекарадан өтетін көліктер сәл ғана азайған». Мұның себебін ол Қырғызстан үкіметінің «шетелден кіретін көліктен экологиялық алым алу» туралы қаулысымен байланысты болуы мүмкін деп сипаттайды. Жүк көлігінің экологиялық алымы жеңіл көліктен де көбірек.

- Қырғызстан мұндай қаулыны біржақты шығарып отыр. Қазақстан шетелдік көліктерден экологиялық алым алмайды, - дейді ол.

Ол кәсіпкерлердің кедендегі кедергілер туралы пікірін растады.

- Қаржы министрлігі қаулысы бойынша әр адам бір затты екі данадан артық алып өтуіне болмайды. Мысалы, үш көйлек алса, коммерциялық мақсаттағы зат ретінде рәсімделеді немесе Қырғызстанға кері қайтады, - дейді Қордай кеден бекеті бастығының орынбасары.

Оның айтуынша, «Қырғызстаның ЕАЭО-ға қосылғаны туралы келісімшартты одаққа мүше елдер ратификациялағаннан кейін бұл кедергілер жойылып, тек шекаралық бақылау ғана қалады».

Қордай кеден бекеті қызметкерлері шекарадан өтетін көліктер санын айта алмады. Бекеттегі «кедендік рәсімдеу» орталығы жетекшісі Нұрлан Келесовтің сөзінше, «алдағы дүйсенбіде Қазақстан премьері мен қырғыз премьері кездеседі. Олар Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылу процедурасын талқылануы мүмкін».

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей президенті Владимир Путин. (Көрнекі сурет)
Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей президенті Владимир Путин. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан ЕАЭО-ға биыл мамырдың 8-і қосылған. Сол күні Мәскеуде өткен Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесінде Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Армения президенттері Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіру шарттарын орындағаны туралы құжаттарға қол қойды. Мамырдың 20-сы күні Қырғызстан Жогоргу Кенеші бұл құжатты ратификациялаған. Енді ЕАЭО-ға мүше елдердің заң шығарушы органдары бекітуі тиіс. Қырғызстан мен ЕАЭО арасындағы кеден бекеті осы мамырдың 8-і күні ашылады деп хабарлағанымен, түрлі себеппен кейінге қалған. Қырғыз саудагерлері кеден бекеттері алынған соң «Дордойдың» сауда ауқымы ұлғаяды деп үміттенеді.

Ресей, Қазақстан мен Беларусь 2014 жылы мамырда Астанада ЕАЭО-ны құру туралы келісімге қол қойған. Кейін бұл одаққа Армения мен Қырғызстан қосылды.

XS
SM
MD
LG