Оңтүстік Қазақстан облысындағы 150 елді мекен тұрғындары құдық суын ішіп отыр деп мәлім етті бүгін Шымкенттегі «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Лесбек Серікбаев.
Оның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысындағы 150 елді мекенде ауыз суы құбыры мүлде болмаған. «Бұл ауылдарда құрылғаннан бері ауыз су болмаған. Ондағы халық негізінен құдық суын ішіп отыр» дейді ол.
«Бұл мәселені үкіметтің алдында бірнеше рет көтердік. 1 миллиард 750 миллион теңге бөлінген. Жер асты құбыр суын бекітіп, толық мағлұматтар қолымызға тигеннен соң жобалық-сметалық құжатын жасап, құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Мәселе 2016-2017жылдары бітеді деп жоспарланып отыр" деді Лесбек Серікбаев.
Өткен жылы облыстың Қазығұрт ауданы Аманкелді ауылының тұрғындары ауылда ауыз су мәселесінің күйіп тұрғанын айтып, Азаттық ол жайлы арнайы мақала жариялаған.