Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік (МАГАТЭ) Қазақстан территориясында ядролық отын банкін құруды мақұлдады. Ядролық отын банкін халықаралық уран нарығына шығуға рұқсаты жоқ елдер пайдалана алады.
Ядролық отын банкін құру жобасы өзге елдер Ираннан көріп, уранды әрі энергия алуға, әрі атом бомбасын жасауға жарайтындай етіп өз бетімен байыта бастайды деген қауіптен дайындалған.
МАГАТЭ кеңесі 11 маусымда Қазақстанда 90 тоннаға дейін әлсіз байытылған уран қорын құруды мақұлдады. 90 тонна уран бір ірі қаланы әдеттегі реакторда үш жыл бойы электр қуатымен қамтамасыз етуге жетеді. МАГАТЭ басшысы Юкия Аманоның сөзінше, Өскеменде салынатын ядролық отын банкі екі жылдан соң пайдалануға беріледі.
Ядролық отын банкін құруды 2006 жылы америкалық Nuclear Threat Initiative ұйымы ұсынған. Америкалық инвестор Уоррен Баффет жоба бойынша ядрлық отын банкін құруға қажетті 150 миллион АҚШ долларының үштен бірін қаржыландырған.
Қалған қаржыны Еуропа Одағы, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Норвегия мен Қазақстан бөлген.