АҚШ Ресейдің Украинадағы әрекетіне байланысты одақтастарының қауіпсіздігін бекемдеу үшін Шығыс Еуропаға ауыр қаруларын орналастырмақ деп хабарлады New York Times. Газеттің дерегінше, Балтық елдері мен Шығыс Еуропада 5 мың әскер тұрады.
"Бұл жоспар мақұлданса, ауыр қарулар қырғиқабақ соғыстан кейінгі кезеңде алғаш рет АҚШ-тың Шығыс Еуропадағы, бұрын совет ықпалында болған, қазір НАТО-дағы одақтастары аумағында тұрмақ" деп жазады газет.
New York Times мұны АҚШ пен НАТО-ның Ресей агрессиясын тыюға бағытталған маңызды ісі деп бағалайды.
Соңғы жылдары Ресейдің Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы қақтығысқа кіріскен әрекетінен кейін Мәскеу мен Батыстың арасы ушығып кеткен. Ресей Украинадағы оқиғаға қатысы жоқ екенін айтып келеді.